Албанияда әлемдегі алғашқы жасанды интеллект министрі пара алды деген күдікке ілініп, қызметі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Diella атты жасанды интеллект 11 қыркүйекте мемлекеттік сатып алулар жөніндегі министр қызметіне тағайындалды. Оның жұмысына қолдау көрсету мақсатында арнайы бөлімше құрылатыны да айтылған болатын. 4 желтоқсан күні сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы прокуратура ЖИ-министрдің жұмысын пара алды деген күдікпен уақытша тоқтатты.
Тергеу нұсқасы бойынша мемлекеттік сатып алулар бойынша жасалған әрбір келісімшарттың жалпы құнының 10-15%-ы белгісіз шоттарға жіберіліп отырған. Бұл ретте жасанды интеллект мұны қалыпты операциялық рәсім деп түсінген. Нейрожелі осындай төлемдерді міндетті деп санап, қылмыс деп есептемеген.
Прокуратура жасанды интеллекттің криптовалютаны өз бетінше пайдалануды жоспарлаған деп айтып отыр. Жасанды интеллект министрінің ЖИ адвокаты Diella-ның әрекетін жемқорлық емес деп ақтауға тырысқан.
"Бұл кодтағы қателікке ұқсамайды. Нейрондық желі әр жобаның жүзеге асуы үшін келісімшарт құнының 10-15 пайызы белгісіз шотқа аударылуы керек деген статистикалық заңдылықты байқаған. Ол болып жатқан жағдайларға тез бейімделгіш. ЖИ бұл әрекетті ҚҚС төлеу сияқты заңды міндеттеме деп қабылдаған", –деді Албанияның цифрландыру министрлігінің этика жөніндегі бас инженері Лулзим Баша.
Айта кету керек, бұған дейін Албанияда тарихта тұңғыш рет жасанды интеллект министр қызметке кіріскенін жазғанбыз