Шанхай 2020 жылдағы ең қымбат қала атанды, деп хабарлайды Inbusiness.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап. Бұған дейін Гонконг қаласы Julius Baer құрған рейтингіде көш бастаған еді. Қазір ол үшінші орында. АҚШ-тағы бағалар локдаун және доллар бағамының құлдырауынан кейін қолжетімді бола бастаған.
Julius Baer есебі бойынша, өңірлердің ішінде Азия ең қымбат деп танылды. Шығыс елдері экономикасы пандемиядан кейін басқа елдерге қарағанда тезірек қалпына келген. АҚШ пен Еуропа елдерінде сияқты Азияның бай мемлекеттерінде COVID-19 індеті қатты өршіген жоқ. Шанхайдың ең қымбат қалаға айналуына бағалардың 2020 жылы 6%-ға өсуі себеп болды.
Ең бай қалалардың қатарына Токио, Монако, Тайпей, Цюрих, Париж, Лондон, Сингапур және Нью-Йорк кірді.
Коронавирус індетінің арқасында ауқатты кәсіпкерлер одан сайын байи түсті. Пандемия әсіресе технологиялық индустрия үшін қолайлы болды. Адамдар оқу,тауар сатып алу және басқа біреумен араласу үшін интернетті пайдалана бастады. Ауқатты адамдар саналы тұтынуға бет бұра бастады. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс өндірушілерді бағаны әділ етіп бекітуге итермелеуі мүмкін.
Табиғат Нұрболат
Фото: Unsplash.com