Әлемдегі ең үлкен круиздік кеме Icon of the Seas өзінің алғашқы жеті күндік Кариб теңізі саяхатына аттанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Кеменің ұзындығы – 365 м, бұл әлем бойынша рекордтық көрсеткіш. Салыстыру үшін, аты аңызға айналған Титаник 100 метрге дерлік қысқа (269 м), ал АҚШ әскери-теңіз күштерінің ең ірі ұшақ тасығыш кемесі Джералд Р.Фордтың ұзындығы 333 метр.
7600 жолаушыны қабылдай алатын кемеде 40-тан астам мейрамхана мен кафелер бар. Сондай-ақ кемеде тропикалық өсімдіктер өсетін шағын саябақ, театр, караоке, теннис және волейбол алаңдары, балаларға арналған аттракциондар мен аквапарк бар.
Финляндияда жасалған алып кеменің құрылысына 2 миллиард доллар жұмсалған. Кеменің қозғалтқыштар сұйылтылған табиғи газбен (LNG) жұмыс істейді.
Экологтар кемеде отынның бұл түрін пайдалану атмосфераға метанның таралуына әкелетінін айтып, сынға алды. Экологтардың айтуынша, қазіргі сұйытылған табиғи газдың 85-95% метаннан тұрады. Сондықтан сұйытылған табиғи газды пайдаланған кезде метанның атмосфераға ағып кету ықтималдығы артады, ал метан көмірқышқыл газына қарағанда әлдеқайда қауіптірек.
"Бұл дұрыс емес. Біздің есебімізше, сұйытылған табиғи газды теңіз отыны ретінде пайдалану кеменің қызмет ету мерзімі ішінде атмосфераға парниктік газдардың кәдімгі теңіз газойлымен жұмыс істейтініне қарағанда 120%-ға көп түсуіне әкеледі", – деді таза көлік жөніндегі халықаралық кеңестің (ICCT) теңіз бағдарламасының директоры Брайан Комер.
Алайда кеме иелері Royal Caribbean компаниясы Icon of the Seas кемесінің заманауи теңіз көлігі ережелері талап еткеннен 24 пайызға көбірек энергия үнемдейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ компания 2035 жылға қарай нөлдік шығарындылары бар кеме ұсынуды жоспарлап отыр.