Әлемдегі үздік университеттер рейтингіне тек бір қазақстандық жоғары оқу орны – Назарбаев университеті енді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Center for World University Rankings (CWUR) әлемдегі беделді жоғары оқу орындарының рейтингісін жариялады. CWUR рейтингі сауалнамалар мен университеттер берген мәліметтерге сүйенбейді. Ол тізімді 4 негізгі бағыт бойынша объективті талдау негізінде жасайды:
Білім деңгейі, онда түлектердің академиялық жетістіктері;
Жұмысқа орналасу мүмкіндігі, онда түлектердің ірі компанияларда басшылық қызметке жұмысқа орналасу мүмкіндігі ескеріледі;
Оқытушылар құрамының сапасы, онда беделді академиялық наградалар алған оқытушыларды ескеріледі;
Ғылыми-зерттеу әлеуеті, мұнда зерттеу жұмыстары, жетекші журналдардағы жарияланымдар, оның академиялық ортаға әсерін және ғылыми жұмыстардың дәйексөзділігі ескеріледі.
Биыл әлем бойынша 20 мыңға жуық ЖОО-ның жұмысына баға берілген. Нәтижесінде рейтингке үздік 2 мың университет енді –GLOBAL 2000.
CWUR рейтингісіне тек бір қазақстандық ЖОО кірді, ол – Назарбаев университеті (тізімде 1765-орында тұр).
Сондай-ақ бұл жоғары оқу орны тек қазақтандық емес, Орталық Азияда рейтингке енген жалғыз университет болып саналады.
ТМД елдері арасында рейтингке Ресейден 42 университет, Украинадан 6 университет, Беларусьтен 2 университет енді. Тізімге Қазақстан сияқты Армения мен Әзербайжанның бір-бір университеті кірді.
Сондай-ақ рейтингте Түркияның 56 жоғары оқу орны бар.
Азия елдерінің ішінде ең үздік көрсеткіш Жапонияда. Тізімде Токио университеті 13-орында тұр. ТМД елдерінің арасында Мәскеу университеті (Ресей) 202-орында.
Үздік бестікке АҚШ-тың 3 жоғары оқу орны (Гарвард университеті, Массачусетс технологиялар институты және Стэнфорд университеті) және Ұлыбританияның 2 жоғары оқу орны (Кембридж және Оксфорд университеттері) енді.