Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
СІМ өкілі көптеген әлемдік брендтер отандық нарыққа қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Бұл қатарда Mars, Pepsi сияқты компаниялар, бұдан басқа араб, қытай, түрік кәсіпорындары да бар.
Әлібек Қуантыровтың сөзінше, жақын арада әлемдік AstraZeneca компаниясының өндірісті желісі ашылады деп күтіліп отыр.
"Олар қатерлі ісік ауруларын емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмекті шығарумен айналысатын болады. Жуырда біз Ұлыбританияға жасаған сапарымызда олардың Кембриждегі кеңсесіне бардық. Олар бұл жобаға аса ден қойып отыр. Бұл Pfizer компаниясына да қатысты", - деді ол.
Сыртқы істер министрінің орынбасары әлемдік брендтердің кен өңдеу саласына еніп жатқанын да айтты.
"Олардың бәрі де әлемдік өндірушілер, брендтер көп. Барлығы да қазақстандық нарыққа қызығушылық танытып отыр. Бұл жаңа жұмыс орындары, жаңа салықтар деген сөз. Олармен бірге құзыреттер, технологиялар да келеді", - деді Қуантыров.