Қазақстан Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әлемдік Гран придің екінші кезеңін қабылдады, деп хабарлайды Ақпараттық-спорттық хаб.
Қазақстан волейболшыларының қарсыластары – Хорватия, Германия және Колумбия құрамалары. Айтулы дода Колумбия және Хорватия, Қазақстан мен Германия құрамаларының қызықты да тартысты кездесулерінен басталды.
"Бүгін ауқымды шаралардың бірі, әлемдік деңгейдегі айтулы дода басталды. Қазақстан өзге мемлекеттерден келген құрама командалармен бәстесті. Өкінішке қарай, бүгінгі матчта негізгі ойыншыларымыз жарақатына байланысты өнер көрсете алмады. Осыған қарамастан, сеттің бірінде басымдық таныттық, мұның өзі жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Алайда, жоғарғы деңгейдегі қарсыластармен бәстесіп жатқанымыздың өзі – жетістік", - дейді ҚР волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев.
Қазақстан құрамасы матчтың алғашқы минуттарынан басымдық танытып, бірінші сетті 20:25 есебімен ұтты. Алайда келесі сеттер паркет қожайындары үшін сәтсіз аяқталды. Екінші сеттен үлкен ұпай айырмасымен жеңіле бастаған Қазақстан волейболшылары соңына дейін ұпай санын, өкінішке қарай, теңестіре алмады. Екінші және үшінші кезеңдерде Германия құрамасы 25 ұпайдан жинаса, біздің ойыншылар 18,17 ұпайларымен тәмәмдады. Осылайша, қалған кезеңдерде неміс қыздары басымдық танытып, жалпы 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Вячеслав Шапран келесі маусымда ойыншылар көрерменнің көңілінен шығып, жақсы ойын үлгісін көрсетеді деген уәдесін жеткізді.
"Бірінші сет пен екінші сеттің алғашқы жартысын сәтті бастадық, өзімізді көрсете алдық. Алайда, бұған дейінгі жеңілістер біздің псиxологиямызға біраз әсерін тигізді деп ойлаймын. Өйткені, біз Болгарияда бірде-бір сетте жеңіске жете алмадық. Бүгінгі матчтың қалған кезеңдерінде, өкінішке қарай, ұпай санын жоғалтып, неміс волейболшылары бізден басым түсті. Осыған қарамастан, қарсыластарымызды жеңіспен құттықтаймыз, сондай-ақ, ойын үшін алғысымызды білдіреміз", - дейді Қазақстан құрамасының капитаны Радмила Березнева.