Әлемдік қару өндірушілердің табысы рекорд жаңартты

78

Рейтингте АҚШ компаниялары көш бастап тұр.  

Әлемдік қару өндірушілердің табысы рекорд жаңартты Фото: Philipp Schulze/dpa/picture alliance

2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең ірі 100 қорғаныс компаниясының қару-жарақ пен әскери қызметтерді сатудан түскен табысы 5,9%-ға өсіп, рекордтық 679 миллиард долларға жетті. Бұл туралы Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) жаңа есебінде жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

2015 жылдан бері аталған компаниялардың әскери табысы 26%-ға артып отыр. Зерттеу авторларының айтуынша, өсім Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Израиль мен ЕО, Ұлыбритания және АҚШ-та лаңкестік ұйым деп танылған палестиналық ХАМАС қозғалысы арасындағы қақтығыстармен байланысты. Дүниежүзілік өсімге ең үлкен үлесті Еуропа мен АҚШ компаниялары қосқанымен, бұл үрдіс барлық өңірлерде байқалып отыр. Ресейлік компаниялардың табысы да артқан көрінеді.

"Былтыр әлемдік қару-жарақ саудасы SIPRI тарихындағы ең жоғарғы деңгейге жетті. Өндірушілер жоғары сұранысты тиімді пайдаланған", – деді ғылыми қызметкер Лоренцо Скараццато.

SIPRI рейтингіне соңғы үш жылда ресейлік қару өндірушілер арасынан тек екі компания ғана енген. Атап айтқанда, мемлекеттік "Ростех" корпорациясы және Біріккен кеме жасау корпорациясы.

2024 жылы Германияның қару өндірушілері табыс көлемі бойынша ең жоғары өсімді көрсеткендердің қатарынан табылды (+36%). Дүниежүзілік үздік жүз компаниялардың тізіміне Германияның төрт компаниясы енген.

Жалпы алғанда, қару-жарақ өндірісі бойынша SIPRI рейтингінде АҚШ компаниялары көш бастап тұр. Тізімге АҚШ-тың 39 өндірушісі кірген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу