Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 63,5 долларға дейін арзандады. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдауында жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сәрсенбі күні мұнай бағасы 1,4%-дан астамға төмендеп, баррелі үшін 63,5 доллар болды. Бұл – соңғы екі аптадағы ең төменгі көрсеткіш. Бағаның құбылуына жаһандық нарықта қара алтын бойынша ұсыныс шамадан тыс көп болуы мүмкін деген қауіп әсер еткен. Энергетикалық ақпарат басқармасы өткен аптада АҚШ-тағы коммерциялық мұнай қоры 5,2 млн баррельге артып, 421,2 млн баррельге жеткенін жазды. Сарапшылар қор 603 мың баррельге ғана өседі деген болжам жасаған.
Бензинге деген сұраныстың болжамнан артық болуы мұнай бағасының құлдырауын біршама тежеді. Бензин қоры 4,7 млн баррельге азайып, 206 млн баррельге жетті.