Алтайда бұғы басы күн санап азайып жатыр. Соңғы жылдары өңірдегі бұғы саны 10 мыңнан 6500 басқа кеміген, деп хабарлайды abctv.kz.
Бұғы мүйізінен алатын панта өнімінің бағасы да бұрынғыдай еместігін айтады бұғышылар қауымдастығының президенті Нұрлан Тоқтаров.
Пантаның әр келісі 1000 АҚШ долларына бағаланған дәуір келмеске кеткен. Қазір оның бағасы 350-400 доллар шамасында ғана. Өйткені әлемдік панты нарығында кореялық компаниялардың дәурені жүріп тұр. Өнім мен шикізат арасындағы баға айырмашылығының мейлінше елеулі болғаны соларға тиімді. Тіпті өз брендтерін қалыптастырып үлгерген жаңазеландиялықтар да кәріс компанияларымен санасуға мәжбүр.
"Облыста 5600 бас бұғы қалған. Бұл статистикалық мәлімет емес, нақты дерек. Осы бұғылардың денсаулығы қандай деңгейде екенін ешкім білмейді. Сырттан аталық бұғы әкеліп, қан жаңартпаған соң түліктің саны да, сапасы да құлдырап келеді. Төлдеу көрсеткішінің нашарлауы, маралдардың аналық жасының қысқарып кетуі сынды мәселелер қан тазалығынан туып отыр, – дейді кәсіпкер Лұқбек Тұмашинов.