Қазақстандық акробат Ғалымжан Әуесбай әлеуметтік желіде 9 орындықтың көмегімен шыңды бағындырған видеосы елді таңқалдырды. Батыл жігіттің әрекеті 100 мыңға жуық қаралым жинаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Шымбұлақтағы 3200 метр биіктіктегі шыңды Ғалымжан Әуесбай бар-жоғы 9 орындықпен бағындырды.
"Жүрегі ауыратындар бұл видеоны көрмесін. 3200 метр шыңды 9 орындықпен бағындыруға болатын экстремалды трюк", – деп жазба қалдырды акробат.
Видеоға қатысты Шымбұлақ тау курортының әкімшілігі ескерту жасады.
"Керемет, ғажап видео. Бірақ, Шымбұлақ тау курорты өзіңіздің және айналадағы адамдардың қауіпсіздігі үшін келесі жолы ондай іс-шараны қайталамауға кеңес береді", – деп жазды.
Желі қолданушылары акробаттың тепе-теңдік ұстай отырып, батылдығы мен шеберлігінің арқасында керемет нәтиже көрсеткенін айтып, таңғалды.
"Қорқыныш дегенді білмейді-ау”, “Монтаж, мен сенбеймін”, “Керемет, ғажап видео”, “Мақтанышымыз”, “Шыныменде жүрек жұтқан екенсің ғой”, “Әлемдік рекорд қой мынау”, “Мынаны әлем көру керек", – деп жазды желі қолданушылары.