Бүгін "Қазақстан" ОКЗ-да әлемге әйгілі мотиваторлар Ник Вуйчич пен Ицхак Пинтосевич "Жалқаулық жеңімпазы. Шектеусіз өмір" тақырыбында 8 сағаттық шеберлік-сыныбын өткізіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен "Синергия" бизнес мектебі ұйымдастырып отыр. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – Ник Вуйчичтің өмірлік оқиғасы негізінде барлық қатысушыларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға алға қарай жылжу үшін серпін беру.
Спикерлер тыңдаушыларға өз күштеріне сеніп, әлеуеттерін ашуға көмектеседі.
Ник Вуйчичтің оқиғасы бүкіл әлемге тарап кетті. Қол-аяқсыз туған бұл адам барша қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, жанұя құрып, өзін жетілдіріп, қазірде миллилондаған адамдарға шабыт беріп жүр. Ник Вуйчич жазған кітаптар қатарында "Шектеусіз өмір. Таңғажайып бақытты өмірге жол", "Тізгінсіз. Іс-әрекетке деген сенімнің керемет күші", "Күшті бол. Сіз зорлық-зомбылықты жеңе аласыз", "Шексіз махаббат. Керемет махаббатқа апаратын жол" бар.
Сонымен қатар, жүйелік тұлғаны дамыту маманы, "Синергия" бизнес мектебінің құрметті профессоры Ицхак Пинтосевич те өз шеберлік-сыныбын өткізуде. Ол "Әрекетет! Сәттіліктің 10 өсиеті", "Өмір сүр! Қуат көзі мен денсаулықтың 7 өсиеті", "Ықпал ет! Көшбасшының 7 өсиеті", "Мақсат қой! Мақсатыңызды тауып, оған 1 жылда жетіңіз" атты 10-нан астам әлемдік бестселлердің авторы.