Әлемнің 10 елі адам саудасымен тиісті деңгейде күреспей отыр

725

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті осыған қатысты құжатты жариялаған еді. 

Әлемнің 10 елі адам саудасымен тиісті деңгейде күреспей отыр

Әлемнің 10 елі адам саудасына қарсы күресті жеткілікті түрде жүргізбей отыр. АҚШ-тағы адам саудасымен күрес және бақылау басқармасының айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Джон Коттон Ричмонд осылай деді. 

"Адам саудасы – адамды сексуалды мақсатта пайдалану және оны күштеп жұмысқа салу сияқты ұғымдарды сипаттайтын термин. Біз адам саудасы туралы ойлағанда, ойымызға қылмыскерлер, бандалар тобы келеді. Мұндай жағдайларда заңның орындалуының және құқығы тапталғандарды қорғаудың қамтамасыз етілгенін үкіметтің мойнына артамыз ғой. Ал егер үкіметтің өзі адам саудасымен айналысып жатса ше? Мұндай жағдайда не істейміз? АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің адам саудасы жөніндегі баяндамасында мемлекеттік хатшы Майк Помпео 10 елдің адам саудасына жол беріп отырғанын жариялады. Олардың қатарында Қытай, Ауғанстан, Беларусь, Бирма, Куба, Эритрея, Солтүстік Корея, Ресей, Оңтүстік Судан және Түрікменстан бар", – деді Ричмонд.

Сонымен қатар ол Қытайдың Шыңжаң автономиялық аумағындағы жағдайды да сөз етті. 
"Құрама Штаттар Қытайдың коммунистік партиясының Шыңжаң мен басқа да аймақтардағы ұйғырлар мен өзге ұлт өкілдеріне қысым жасау кампаниясы аясында адам саудасын жүргізу әрекетін қатаң сынайды. Коммунистік партия бұл қысымды күшейтті, қазір 1 миллионнан астам ұйғыр мен басқа этникалық азшылық өкілдерін еңбек лагерьлері мен фабрикаларында күштеп еңбекке салып жатыр", – деді айрықша тапсырмалар жөніндегі елші.

Қытай билігі болса, мұндай лагерьлерді "кедейшілікпен күрес"  немесе кәсіби "оқыту бағдарламасын жүргізу" үшін құрылған деп, тағылған айыпты мойындамай отыр. 

17 қыркүйекте ресми Бейжің осындай "кәсіби оқыту орталықтары" туралы құжат жариялаған еді. Құжатта 2014 және 2019 жылдары аралығында жыл сайын 1,3 миллион шыңжаңдық осындай оқудан өткені жазылған. 

Табиғат Нұрболат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу