Әлемдегі 62 адамының байлығы 3,5 миллиард бұқараның дәулетіне тең - елбасы

1125

Әлемдегі 62 адамының байлығы 3,5 миллиард бұқараның дәулетіне тең - елбасы

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада басталған АЭФ форумында әлемдегі геосаяси жағдайға, байлар мен кедейлер арасындағы табыс айырмашылығына тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Геосаяси шиеленіс, өзара санкциялар, ДСҰ ережелеріне қарамастан, ірі ойыншылар арасындағы сауда қарым-қатынастарының қайта қаралуы – мұның барлығы мемлекеттердің өз көшбасшылығын сақтап қалуға талпынысы. Аутсайдер елдердің проблемалары дамыған елдердің тыныштығына қауіп-қатер төндіреді. Мұны естен шығармаған дұрыс деп санаймын. Бұл миграция, экстремизм, терроризм, экологиялық апаттар арқылы болады", — деді елбасы. 

Президент осы орайда үіметтің басты жұмысының бірі – байлар мен кедейлер арасындағы табыс айырмашылығын азайту екенін атап өтті.

"Соңғы жылдардағы макроэкономика динамикасына көз салсақ, онда сырттай позитивті картинаны байқауға болады. ХВҚ бағалауы бойынша, ішкі жалпы өнім өсімінің қарқыны өткен жылғы 3,7%-тен биыл 3,9%-ға дейін өсті. Өсімнің жылдамдауы шамамен 120 елде байқалады. Алайда алты мемлекеттің біреуінде ғана халық табысының теңсіздігі төмендеп жатыр. Сондықтан бұл орайда біраз сұрақтар туындайды. Бүгінде әлемнің 62 бай адамының активтері адамзаттың кедей бөлігінің дәулетімен, яғни 3,5 млрд адамның ауқатымен теңескен. Ал бірқатар халықаралық сарапшының дерегінше, былтыр жиналған дәулеттің 80 проценттен астамы халықтың 1 процентіне ғана тиесілі", — деді Назарбаев. 

Мемлекет басшысы технологиялық революция халықтың тұрмысын жақсартып, өмір сапасын арттырудың орнына, керісінше, теңсіздікті күшейтіп отырғанын айтты. 

"Осы сын-қатерлерді еңсеру үшін мемлекеттер арасында білім алмасудың жаңа тиімді тетіктерін құру қажеттілігі туды. Өзім талай рет қатысқан G7, G20 біздің ойымызша,  әлемнің жаһандық пікірін қамтымайды", — деді елбасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу