Әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді цифрландыру деңгейі 95%-ға жетті

647

Саладағы 45 қызметтің 43-ін электрондық форматта, ал жартысын проактивті түрде алуға болады.  

Әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді цифрландыру деңгейі 95%-ға жетті Фото: gov.kz

Жыл басынан бері азаматтар 15,6 млн мемлекеттік қызметті  немесе биылғы көрсетілген қызметтердің  87%-ын Цифрлық құралдардың арқасында алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министр Ербол Оспанов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz министрлік таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.

Осы жылы еңбек ету қабілетінен айырылған, асыраушысынан айырылған, жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау, қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қызметтерін электронды алу мүмкіндігі жасалды. Сондай-ақ, 2022 жылы "Жерлеуге біржолғы төлем тағайындау" мемлекеттік қызметі проактивті форматқа ауыстырылды.

"Министрлік екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қызметтерді алу мүмкіндігін іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Өткен жылы бала тууына байланысты 2 қызмет іске асырылды, ал осы жылдың тамыз және қыркүйек айларында тағы 4 қызмет қосылды. Олар жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама, БЖЗҚ салымшысының қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы ақпарат беру, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпарат беру және өтініш берушінің АӘК алушыларға тиесілігін растайтын ақпаратты ұсыну. Іске асырылған мүмкіндіктердің арқасында 173 мыңнан астам адам мемлекеттік қызметтерді банктік қосымшалар арқылы алды", – деп бөлісті Ербол Оспанов.

Қазіргі уақытта бірнеше пилоттық жобалар іске асырылуда. Атап айтатын болсақ марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау процесін автоматтандыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕАҚ арқылы беретін әлеуметтік көмекті төлеу.

Биылғы жылдың қыркүйек айында әлеуметтік салада, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындауды іске асыру үшін жаңа ақпараттық жүйе – "Отбасының цифрлық картасы" (бұдан әрі – ОЦК) жұмыс істей бастады.Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың 24 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған және олардың мәліметтері негізінде отбасы құрамын автоматты түрде айқындайды және өмір сүру деңгейін бағалайды.

Жұмыспен қамту саласында көрсетілетін шаралар мен қызметтерге келетін болсақ, 2020 жылы пандемия жағдайында оларды Электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – ЭЕБ) арқылы онлайн форматта көрсетуге көшті. 2022 жылдың басынан бастап жұмыс іздеп жүрген 354 мың адам немесе олардың жалпы санының 60%-ы онлайн форматта тіркелген. Цифрлық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылғандардың үлесі 106 мың немесе 30%-ды құрады. Жалпы, ЭЕБ базасында азаматтарды кәсіп таңдаудан бастап еңбек қатынастарын ресімдеуге дейінгі кәсіби жолында сүйемелдейтін бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыру жоспарлануда.

"Еңбек.kz басты порталы, жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасынан басқа, жұмыспен қамту саласындағы болашақ "қызметтер супермаркетін" құрайтын тағы 4 негізгі элементті іске асырды. Олар "Skills.Enbek" онлайн-оқыту алаңы, жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара іс-қимылы кезінде қағазбастылықты барынша азайтуға мүмкіндік беретін еңбек ресурстары порталы "HR.Enbek", "Business.Enbek" – бизнес-идеяларын іске асыруға мемлекеттік гранттар алудың барлық процестерін автоматтандыру жөніндегі платформа, сондай-ақ Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық ақпараттық жүйелеріне қол жеткізе алатын "Шекарасыз жұмыс" бірыңғай іздеу жүйесі" – деп хабарлады Ербол Оспанов.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу