Әлеуметтік идея авторларына грант тағайындалады

1163

Жас кәсіпкерлер арасындағы әлеуметтік жоба авторларының әлеуетін ашуға және қолдауға бағытталған "3.2.1.Бастау" жобасының жетінші кезеңіне өтініш қабылданып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Әлеуметтік идея авторларына грант тағайындалады

Шара шеңберінде қатысушылар білімдерін жетілдіріп, мазмұнды инкубациялық бағдарламаны меңгереді. Нәтижесінде үздік идея авторларына өз бастамаларын жүзеге асыру үшін грант жеңіп алу мүмкіндігі беріледі.

Талап бойынша, жоба авторлары БҰҰ-ның тұрақты дамуының сапалы білім, таза су және санитария, арзан және таза энергия, жауапты тұтыну және өндіріс, климаттың өзгеруіне қарсы күрес сынды 5 жаһандық мақсатының біріне қол жеткізуге үлес қосуға тиіс.

"Біз кәсіпкерлерді ақпараттандыру үшін бизнеске арналған барлық гранттық бағдарламаларды бақылап отырамыз. Жастар осы жоба арқылы өз бастамаларын ілгерілете алады. Жоба туралы ақпараттандыру және кеңес беру ауылдық елді мекендердегі 190 және облыс орталықтарындағы 19 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтеді", – деді "Атамекен" ҰКП сауда және шағын бизнесті дамыту департаментінің директоры Әсет Айтбаев.

Өз кезегінде "3.2.1.Бастау!" жобасының бастамашысы, Coca-Cola Icecek Kazakhstan компаниясының корпоративтік қарым-қатынас директоры Әлима Исембаева: "Әлеуметтік-бастамашыл жастар шетте қалмайды. Олар  креативті идеялары арқылы әлеуметтік жобаларға  қатысады. Бізді жаңашылдыққа жетелейді. Алты жылдан астам уақыттан бері CCI Қазақстан компаниясы қазақстандық жастардың талантты өкілдерін әлеуметтік кәсіпкерлікке баулуға, олардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуына қолдау көрсетіп келеді", – деді.

Айта кетейік, өтінім қабылдау 2021 жылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 31 қаңтарға дейін жалғасады. Өтінім www.321start.kz және Instagram @321_start парақшасы арқылы қабылданады.

"Мемлекет, қоғам және бизнес бірлесіп жұмыс істеген кезде алтын үшбұрыш пайда болады.Нәтижесінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тепе-теңдігі сақталады. Біз әлеуметтік жобаларға инвестиция салуға, жастардың дамуына мүмкіндік беруіміз керек", – деді жиында мәжіліс депутаты Елдос Абақанов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу