Нұр-Сұлтан қаласында "Жалпыға міндетті білім беру" бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек 16 720 оқушыға беріледі. Бұлай деп Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
"Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу үшін материалдық көмек ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың немесе кәмелетке толған білім алушының өтінішіне сәйкес ақшалай жүзеге асырылады. Материалдық көмек алушы өтініш жазып, несиелік қарызы жоқ және бұғатталмаған банктік карточканың 20 таңбалы нөмірін ұсынады немесе материалдық көмекті аудару үшін банкте арнайы шот ашуы қажет", – деді спикер.
Ведомство басшысы қаражаттың мақсатты жұмсалуын растайтын құжаттарды (түбіртек, чек, сурет) мектепке тапсыру қажеттігін атап өтті. Оны заттарды сатып алған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде тапсыру керек.
Қасымхан Сенғазыев айтуынша, келесі санаттағы оқушылар атаулы көмек алуға құқығы бар:
- Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
- Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар;
- Отбасыларда тұратын жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- Төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар;
- Басқа санаттар (қиын жағдайға тап болған отбасылар, оның ішінде мүгедек балалары бар).
Қазіргі таңда әлеуметтік көмек алу бойынша 8 мыңнан астам өтініш келіп түскен.