Әлеуметтік қызметкерлер жалақысы қайта қаралады

462

Бұл бағытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсымен тікелей байланыста.  

Әлеуметтік қызметкерлер жалақысы қайта қаралады Фото: iz.ru

Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Әлеуметтік жұмыс мектептерінің ұлттық қауымдастықтарының 4-ші Орталық Азия (Астана) Форумында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Категориясы, квалификация деңгейі мен көрсетілетін қызметтің түріне қарай әлеуметтік жұмыскерлерге жалақы төлеу жүйесі қайта қаралады. Бұл бағытта ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсымен тікелей байланыста. Әлеуметтік қызметкерлерге арналған Жаңа кәсіби стандарт жобасы құрастырылып болды, қазір талқыланып жатыр", — деді Назгүл Сағындықова.

Сонымен қатар 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлер реестрі жасалады. Онда жұмыскердің квалификациясы, қызметтерінің түрлері мен сапасы жайлы толық мағлұмат беріледі.

"Осы жылдың 1 шілдесінен бастап әлеуметтік қорғау инспекторлары өз жұмысын бастады. Олар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаумен, әлеуметтік, зейнетақылық қызметтердің орындалуын қадағалайды. Оған қоса әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды, қазан айында порталдың смартфондарға арналған қосымша нұсқасы жасалды", — деді вице-министр.

Бүгін еліміздің 12 ауданында мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа оңалту орталықтары салынатыны хабарланды.

"Қазақстанның 6 аймағында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін пилоттық жоба қолға алынды. Семей мен Тараз қалаларында заманауи оңталандыру орталықтары ашылды, онда үлкендер де, балалар да өздеріне қажетті қызметті ала алады. Еліміздің тағы 12 ауданында мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа оңалту орталықтары салынбақ", — деп хабарлады Министрлік өкілі.

Республикада барлығы 900 ұйым арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетумен айналысады. 2025 жылдан бастап жаңа Әлеуметтік кодекс аясында адам басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Ал ұйымдардың барлық қаржысын республикалық деңгейде бір арнаға шоғырландыру жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу