Ал, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына осы жылдың шілдесінде 800 млн теңге түсті. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Елена Бахмутова құлақдар етті. Оның айтуынша, аударымдар мен жарналарды төлеу жағынан көш басында еліміздің 4 өңірі тұр. Олар: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Алматы облыстары. Аталған 4 өңірдің аударымдары қорға түскен қаржының 49 пайызын құрайды. 27 шілдедегі жағдай бойынша қаражатты 235 мың жеке тұлға аударған.
Елена Бахмутова, "ӘМСҚ" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрайымы:
"Аударымдар мен төлемдер төлеген жеке тұлғалардың саны 384 мың адамнан асты. Біздің болжамға қатысты айтар болсам, тамыз айында қорға түсетін түсімдердің көлемі бұдан да артуы тиіс. Себебі шілде айының төлемдерін аудару мерзімі тамыз айында аяқталады. Сондықтан біз тамызда шамамен 4,5 млрд теңге түседі деп отырмыз. Ағымдағы жылғы базалық аударым 27 млрд теңгені құрамақ"