Әлеуметтік нысандардың алдынан ашылған ақылы тұрақтар жабылады

491

Ал Елорда әкімі: "Астанадағы әлеуметтік нысандардың маңындағы ақылы тұрақтардың бәрі жабылады",деді. 

Әлеуметтік нысандардың алдынан ашылған ақылы тұрақтар жабылады Фото: inbusiness.kz

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, шаһардағы ақылы тұрақтардың жұмыс форматы өзгереді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының шарттарын қайта қарау кезінде ақылы тұрақтардың жұмыс уақыты мен тарифтері де қайта бекітілмек. 

Қазір Елорда аумағында 10 мыңға жуық ақылы автотұрақ жұмыс істейді. Табыстың көзін тапқан компания оларды мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың маңына да қоя бастаған. Ұзын саны 2 мыңға жуықтайды екен. Алайда, ақылы қызметтің сервисі сын көтермейді. Тұрақ аумағын қар басып, қараусыз жататын кездер аз емес. Мәселең, қаладағы ірі сауда нысандары келушілерге жағдай жасау үшін ақылы тұрақтарды өздері күтіп-баптауға мәжбүр. 

"Кейде құбыр жарылып, көлік апаты болған жағдайда ақылы тұрақтың аумағын өз қаражатымызға жөндейміз. Жол белгілерін де өзіміз қоямыз. Тазалау жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Ал, ақылы тұрақ ұсынатын компания құрғақ уәдемен уақыт созып келеді. Біз біраз жылдан бері әкімдікке тұрақ аумағын біздің меншікке беруді сұрап, хат жазып келеміз. Осы күнге дейін келушілер үшін тұрақты тегін ететін едік", дейді Ойын сауық орталығы компаниялар тобының заңгері Руслан Ізбасов.  

Елордада ақылы тұрақтар 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Ал пайданың нәбәрі 5 пайызы жергілікті бюджетке түседі. Тек көліктерге салынған айыппұлдың барлығы бюджетке аударылады екен. Осы жылдар аралығында айыппұлдардан 20 млрд теңгеден астам қаражат түскен.

"Бұл ақылы тұрақтар кәсіпкерлердің инвестицясы негізінде ашылған. Яғни бюджеттен қаржы қаралмаған. Әйтсе де біз мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы табыс үлесін қайта қарамақпыз. Яғни мұндағы мемлекеттің үлесін арттыру көзделіп отыр", дейді Қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев. 

Бұған дейін қоғам белсенділерінің ұсынысымен қаладағы орынсыз жерден ашылған 1600 автотұрақ жабылған. Енді ақылысындағы сервис сапасына талап күшеймек.

"Сала өкілдерімен бірге келісімшарттардың бірқатар шартын қайта қарау керек. Бір сөзбен айтқанда, ақылы тұрақтардың жұмыс форматы қайта қаралады. Олардың орналасатын жері, жұмыс істейтін уақыты, тіпті тарифі де өзгереді. Бүгінгі кездесуде кәсіпкерлер ақылы тұрақтар жұмысына байланысты жаңа ұсыныстар айтты. Оның бәрі ескеріледі", дейді Қала әкімі Жеңіс Қасымбек.  

Мамандар ақылы автотұрақтардың көлік кептелісін азайтуға көмегі көп екенін айтады. Енді көлік қатынасын жетілдіру үшін LRT құрылысын жандандыру да маңызды болмақ. Талай әкімнің бас ауруы мен бас қаладағы жемқорлық ескерткішіне айналған құрылысты ақыры Қытай компаниясы аяқтайтын болды. Жеңіс Қасымбек осылай деп сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу