Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген үйлердің басым бөлігі сапасыз – депутат

1155

Баспанаға әрең қолы жеткендер амалсыз жанын шүберекке түйіп өмір сүріп жатыр.

Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген үйлердің басым бөлігі сапасыз – депутат

Мәжіліс депутаты қалалардағы жаңа үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтады.

"Ондаған жылдар бойы кезек күтіп, баспанаға әрең қол жеткізген тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Өйткені үйлерінің шатырынан су сорғалап, кірпіші құлаған, қабырғасы жарылып, көтеріліп, едені опырылған, сырты түсе бастаған. Облыстар бойынша сапасыз салынған үйлерді атап өтсек, мысалы Шымкент қаласы, Тұран – 2 және Асар шағын аудандарындағы тұрғындар тиісті мекемелерге шағымданып, наразылықтарын білдіруде. Өскемен қаласында 2018 жылы салынған және 2020 жылғы бесқабатты тұрғын үйлер сапасы сын көтермейді. 2021 жылы маусымда Павлодарда құрылысы бітпеген төрт қабатты үй құлаған. Кеше ғана 22 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында "Sat City" тұрғын үй кешенінің "С" блогында подъездің төбесі опырылып түсті. Ғажайыптың күшімен адамдар шығып үлгерген", – деді мәжілісмен Фахриддин Қаратаев үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Талдап қарағанда, сапасыз үйлердің басым бөлігі "Нұрлы жер" және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған және ипотека арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген. Бастапқыда құрылысқа берілген кепілдеме аясында жөндеп беріп отыратын мердігерлер мерзім аяқталған соң ат-тонын ала қашады. Өкінішке қарай, аталған тұрғын үй кешендерінде қаншама халық жанын шүберекке түйіп амалсыз өмір сүріп жатыр.

"Ертең осы үйлер құласа бұған кім жауапты болмақ? Бұл дегеніңіз өте өзекті және кезек күттірмес үлкен мәселе. Құрметті Әлихан Асханұлы, жоғарыдағы мәселенің өзектілігін ескеріп, республикалық комиссия құруды, оның құрамына қоғам белсенділерін және тұрғын үй алушыларды енгізуді ұсынамыз. Сонымен қатар, барлық облыстардағы, қаладағы проблемалық тұрғын үйлерді қайта тексеруден өткізуді, үйлерде тұру қауіпсіздігін, авариялық деңгейін анықтауды. Республика бойынша тұрғын үйлерді қабылдайтын тиісті жергілікті атқарушы органдарды тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды, депутаттық сауалға заңнамаға сәйкес жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз", – деді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу