Нұрдәулет Нұрәділ есімді әлеуметтік желі қолданушысы қазіргі қоғамдағы өзекті болып отырған баспана мәселесін шешудің жаңа жолын ұсынады. Оның айтуынша, аптасына бір теңгеден садақа шығарсаңыз, жылына 52 отбасының өз пәтері болуына көмектескен болар едіңіз.
"Қазіргі таңда баспана мәселесі барша қазақтың басты уайымына айналып үлгерді. Мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйлердің саны мұқтаж жандардың он пайызын қамтамасыз ете алмайды. Тапқаны тамағынан артылмайтын ағайынға қалай үй алып беруге болады? Егер біз бірігіп, 1 теңгемізді бір отбасы үшін қисақ, бұл мәселені де шешуге болады", - дейді ол.
Нұрдәулет Нұрәділ бұл ұсынысын беделді тұлғалар мен белді ақпарат көздері қолдаса дейді.
"Ресми ақпарат бойынша Қазақстанда он жеті миллион 671 мың адам тұратыны белгілі. Біз соның 7 миллионын есепке алмадық дегеннің өзінде 10 миллион адам қалады. Меніңше бір теңгені садақаға бере алатын 10 миллион адам бар. Ендеше, бізде 10 миллион теңге жиналады. Бұл дегеніңіз Алматы мен Астанадан бір немесе екі бөлмелі, ал қалған қалалардан үш-төрт бөлмелі үй алатын ақша. Осылайша, әр жұма сайын бір теңгеден садақа беріп отырсақ, бір жылда 52 отбасын бақытқа бөлеп, мол сауапқа қалар едік. Егер күн сайын бір теңгеден жиналса бір жылда 365 адам баспаналы болады. Ешқандай талан-таражысыз, басқа бағытқа емес, тек "1 теңге = 1 үй" деп қор ашып, қолдап жіберер азаматтар болса қазақтың баспана мәселесі өзінен өзі-ақ шешілер еді", - дейді идея авторы.
Бұл жазбаға қатысты пікір білдіргендердің барлығы оның сөзін қолдай түсуде. Тіпті, кейбіреулері бүгіннен бастап кетейік дегенді айтуда. Ізгілік Нағиев есімді желі қолданушысы әр адам бір жылға 365 теңге төлеп қоюы тиіс десе, Азамат Камидоллин айына 1000 теңге аударса одан да ешкім қайыршы болмайды деген пікірін білдірді. Қолдау білдіргендердің арасында бірқатары егер арнайы қор ашылып жұмыс жасайтын болса айына 5000 теңгеден салуға да дайынмын деп жазып жатыр.