Әлеуметтік желіде суицидті насихаттайтын 50 қоғамдастық жабылды. Бүгін елордадағы Қазмедиа орталығында өткен халықпен есептік кездесу барысында ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жыл басында қазақстандық жастарды суицидтік бағыттағы түрлі топтар мен қоғамдастықтарға тартатындығы жайында ақпараттар масс-медиада қарқынды тарады. Министрлік бас прокуратурамен және Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, мұндай топтар мен қоғамдастықтарды анықтау, оларға кіруге шектеу қою бойынша нақты шаралар қабылдады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері әлеуметтік желіде суицидті насихаттайтын 600 ақпараттық материалға, 50 қоғамдастыққа кіруге шектеу қойылды", - деді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, министрліктің ресми сайтында арнайы бөлім ашылған. Онда келген азамат өзі күдікті санаған материал немесе ресурс тапқандығы туралы мәлімет қалдыра алады. "Біз мұндай ақпаратты міндетті түрде тексеретін боламыз", - деді министр.