Қытай блогерлеріне блогтур ұйымдастырылды

1726

Нұр-Сұлтанға дейін саяхатшылар Көктөбе, Шымбұлақ, Медеу, сондай-ақ Шарын шатқалы, Көлсай және "Крепость Номада" көшпенділер қаласына табан тіреді. 

Қытай блогерлеріне блогтур ұйымдастырылды

Саяхатшылар бас қаланың көрікті және саяси маңызы бар нысандарымен танысты, деп хабарлайды Елорда Инфо. 

Аталған блогтурдың мақсаты – Қазақстанның туристік әлеуетін Қытай халқына таныстыру және туристерді тарту. 

ҚХР-ның астанасы Бейжіңнен Лю Лидан, Лонг Хуа, Гао Бо, Сие Бинг Джин есімді 4 трэвел блогер келді. Олардың әлеуметтік желідегі 160 млн-нан астам адамды құрайтын аудиториясы бар. 

"Маған қазақтың ұлттық асханасы ұнады. Сондай-ақ, Шарын шатқалы өз ерекшелігімен таңқалдырды. Ол секілді табиғат көркемдігін көру үшін қытайлықтар Америкаға барады. Ал Қазақстан жақын әрі қолжетімді. Мен әлеуметтік желідегі оқырмандарыма Алматыға келуді ұсынатын боламын", – деді қытайлық саяхатшы, блогер Лю Лидан. 

Шетелдік қонақтар елорданың көрікті жерлерінде болып, сонымен қатар "Этноауыл" кешенінде өткен "Көшпенділер әлемі" халықаралық этнофестивальге қатысты. Одан әрі саяхаттары Бурабайға жалғасты. 

Нұр-Сұлтан қаласына дейін саяхатшылар Алматы қаласы мен облысында болды. Атап айтқанда, Көктөбе, Шымбұлақ, Медеу, сондай-ақ Шарын шатқалы, Көлсай және "Крепость Номада" көшпенділер қаласына табан тіреді. 

Блогерлер саяхат барысында wechat, weibo, baidu секілді әлеуметтік желілер арқылы өз әсерлері және қалай жету керектігі туралы кеңестерімен бөлісті. 

"Қытайлық туристер біздің елімізге жиі әрі көптеп келетін елдердің қатарында. Оған дәлел жыл сайын ол елдің туристері саяхат үшін 280 млрд-тан астам қаржы жұмсайды. Сондықтан да біздің туристік потенциалымызды арттыру және туристерді тарту жолында бұл жоба маңызды болып табылады",– дейді "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының бас менеджері Даниель Сержанұлы.   

Айта кетейік, аталған жоба "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының ұйытқы болуымен жүзеге асырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу