Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны 4,74 млрд адамға жетті

1156

Адамдардың басым бөлігі әлеуметтік желілерді туыстарымен және достарымен сөйлесу үшін қолданады. 

Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны 4,74 млрд адамға жетті Фото: ranking.kz

Datareportal.com деректеріне сәйкес, өткен жылдың үшінші тоқсанында әлемде әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны 4,74 млрд-қа жеткен. Жылдық өсім – 4,2%, деп жазады inbusiness.kz ranking.kz порталына сілтеме жасап.

Бұл Жер шарындағы тұрғындардың 59,3%-ы әлеуметтік желілерді қолданады дегенді білдіреді. Оның ішінде 13 жастан асқан адамдардың үлесі 75,9%-ды құрайды. Сонымен қатар Интернетке кіруге мүмкіндігі бар адамдардың 93,4%-ы әлеуметтік желілерді пайдаланады.

Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі (54%) ер адамдар, ал әйелдердің үлесі – 46%.

Сарапшылардың мәліметінше, 2022 жылдың үшінші тоқсанында 16 мен 64 жас аралығындағы интернет қолданушы әлеуметтік желілерде күніне орта есеппен 2 сағат 28 минут өткізген. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 1 минутқа артық.

Ресурстың жазуынша, Нигерия тұрғындары көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді: күніне 4 сағат 20 минут. Одан кейінгі орындарда Бразилия мен Оңтүстік Африка (3 сағат 44 минут), Филиппин (3 сағат 42 минут), Колумбия (3 сағат 35 минут) елдері орналасқан. Жапония (күніне 49 минут), Оңтүстік Корея (1 сағат 11 минут) және Австрия (1 сағат 30 минут) тұрғындары керісінше желілерге аз уақыт жұмсайды.

Адамдардың басым бөлігі әлеуметтік желілерді туыстарымен, достарымен сөйлесу үшін қолданады (47%). Ал, 35,4%-ы бос уақытын өткізеді. Бұдан бөлек 34,6%-ы жаңалықтар оқыса, 30%-ы белгілі бір контент іздейді, 28,7%-ы әлемде не болып жатқанын түсіну үшін қолданады. Қолданушылардың 27%-ы әлеуметтік желілерден жаңа идеялар іздесе, 26,2%-ы әртүрлі тауарлар іздеп, оларды сатып алады.

Әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі – Facebook (2,9 млрд қолданушы). Көшбасшылардың бестігінде Youtube (2,5 млрд адам), WhatsApp (2 млрд адам), Instagram (1,4 млрд қолданушы) және WeChat (1,3 млрд қолданушы) бар. Сұранысқа ие әлеуметтік желілер қатарына TikTok, Facebook Messenger, Telegram, қытайлық Douyin, Kuaishou, Sina Weibo және т.б. енді.

Белсенді қолданушылар ең үздік әлеуметтік желі деп Whatsapp-ты (16,1%) таңдады. Екінші орынға Facebook (14,6%) орналасса, үштікті Instagram (14,5%) қорытындылады.

Егер желі пайдаланушыларының әлеуметтік желілерде өткізетін уақытын қарайтын болсақ, мұнда YouTube көшбасшы атанды (айына орта есеппен 23,4 сағат). Пайдаланушылар TikTok-та айына орта есеппен 22,9 сағат, Facebook – 19,7 сағат, WhatsApp – 17,3 сағат, Instagram – 11,7 сағат, Line – 11 сағат, Twitter – 5,5 сағат, Telegram – 4 сағат, Facebook Messenger және Snapchat-та 3,1 сағат өткізеді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу