Алматы облысы Алғабас ықшам ауданында өткен жылы жазда қабырғасы қисайып, апатты деп танылған көп қабатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға қоныстанды. Тұрғындар жаңа үйге өткен аптадан бастап көшіп келе бастады. Әзірге 64 отбасы өз пәтеріне жайғасты, деп хабарлайды 24.kz.
Қаңтарда құрылысы аяқталған үйге тұрғындар 1 сәуірден бастап көшіп келе бастады. Өткен жылы маусым айында 32 сантиметрге қисайған тоғыз қабатты үй қауіпті деп танылып, 200 адам көшірілген еді. Енді міне, олар екінші рет қоныс тойын тойлап отыр.
Көп балалы ана Айгүл Борбекованың айтуынша, жаңа пәтердің сапасы көңілінен шыққан. Ал өткен жылы баспанасы апатты жағдайда болғанда "далада қалып қоямыз ба?", – деп қорыққанын айтады.
Қателіктен сабақ алған құрылыс компаниясының басшылығы енді бұл үйдің сапасы өзгелеріне қарағанда әлдеқайда артық дейді. Мұның тағаны тоғыз метр тереңдікке бойлай төселген. Әзірге жылу, жарық, ыстық және суық су берілген. Тұрғындар толық қоныстанғаннан кейін көгілдір отын беріледі. Тұрғындардың бұрынғы пәтері қанша шаршы метр болса, жаңа үйден де сондай пәтер берілген.
Ал 32 сантиметрге ауытқыған апатты үйдің тағдыры қала басшылығы мен арнайы мамандардың арнайы кеңесінде шешілмек.