Алғадан шығатын қыш тақтайшалар көзден бұл-бұл ұшатын түрі бар

1468

Кәсіпкер өндірісін іске қоса алмай жүгіріп жүр.

Алғадан шығатын қыш тақтайшалар көзден бұл-бұл ұшатын түрі бар

Ақтөбе облысындағы Алға қаласында салынып жатқан қыш тақтайларын шығаратын кәсіпорынның құрылысы тоқтап қалды. Орта жолда тұрып қалған жобасына жаны ашыған кәсіпкер жауапты мекемелердің қолдау көрсетуін сұрайды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Алға қаласындағы қыш тақтайшаларын шығаратын кәсіпорын "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында қолға алынған. Жобаның жалпы құны – 420 млн теңге құрайды. Оның ішінде өндіріске қажетті қондырғылармен жабдықтаған Польшаның "Paradyz" компаниясы қосымша 815 млн теңге қаражат бөлген. "Paradyz" өндірістік-сауда кешенінде екі көрме залы, екі өндірістік ғимараты бар, жобаның бірінші кезеңінде қыштан қасбет термопанельдері мен кафельдің ұлттық нақыштағы сәндік элементтерін, екінші кезеңде логистикалық орталық, дизайн-студия, сәулет бюросы және қойма салу көзделген болатын.

Өкінішке қарай, "PTC Alga" ЖШС қолға алған  "Алға" сауда өндірістік кешенінің" жобасы жүзеге аспай тоқтап қалады. Кәсіпкер бір жарым жылдан бері "Форте банкке" ай сайын 1,4 млн.теңге төлеп, күзетші ұстап отырғанын айтады. Басқа жұмысшыларын жалақы төлей алмағасын таратып жіберген. Өндірістік толықтай іске қосу үшін тағы бір несие алайын десе "Ақтөбе" ӘКК қажетті құжаттарға қол қоймай отыр екен. Жоба жетекшісі Әбуғали Жақыпов жұмыстың жүрмей тұрып қалуына аталған мекеменің жаңа басшылығының оны аяқ астынан тиімсіз деп тауып, қолдамай отырғаны себеп деп санайды. Қазірге дейін ол облыстық әкімдікке, аймақтық кәсіпкерлерді қолдау палатасы мен облыстық кәсіпкерлерді қолдау қорына шағымданған. 

"Біздің ауданымыз облыста өндірістік өңір ретінде танымал. Бізде зауытта ұста, дәнекерлеруші, басқа да құрылыс маманы болып жасап, кәсібін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырған династиялар тұрады. Жұмыс басталып кетсе 42 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтымақ едім. Біз сияқты шетелдік инвесторды тартып отырған шағын бизнес иелеріне қолдау көрсетуді сұраймыз", – дейді Әбуғали Жақыпов. 

Оның айтуынша, польшалық әріптестері Алғадағы ахуалға алаңдаушылық білдіріп, сенімсіздік таныта бастапты. Бұл жағдай тек бір аймақтың емес, елдің беделіне нұқсан келтірері сөзсіз. Айтқандай, қыш зауыты салынып жатқан кезде оған облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі барып, танысып кеткен болатын.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу