30 сәуір күні, Бірлік күні қарсаңында алғаш рет 10 республикалық телеарнаның тікелей эфирінде "Біз біргеміз" жалпыұлттық телемарафоны өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Телемарафонның басты кейіпкерлері – елімізде болған су тасқыны кезінде батылдық танытып, өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тіге отырып қызметі мен азаматтық борышын абыроймен атқарған қазақстандықтар.
Олардың қатарында құтқарушылар, медицина қызметкерлері, әскери қызметшілер, еріктілер, кәсіпкерлер мен сын сағатта жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін танытқан ел тұрғындары бар.
"Qazaqstan", "Хабар", "Jibek Joly", "Еуразия", "КТК", "31 арна", "Atameken Business", "Astana TV", "7 арна" және "Almaty TV" телеарналарының 5 сағаттық тікелей эфирінде тасқын басқан аумақты көзбен көріп, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың жан тебірентер оқиғалары айтылады. Ресми орган өкілдері апат салдарын жою бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы есеп береді.