Ұлытау облысының аудандық ауруханасында алғаш рет лапроскопиялық ота жасалды

254

Аурухана дәрігерлері мұндай ота жасау мүмкіндігіне биылғы жылы орнатылған аз инвазивті эндоскопиялық араласуларға арналған жүйе арқасында ие болып отыр. 

Ұлытау облысының аудандық ауруханасында алғаш рет лапроскопиялық ота жасалды Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының көпсалалы ауруханасы еліміздегі "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы шеңберінде жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы орталық аудандық ауруханалар етіп қайта құрылатын 32 орталық аудандық аурухананың қатарына кіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Айта кетейік, бұған дейін аталған ауруханада "алтын сағат" қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде толық көлемде шұғыл медициналық көмек көрсетіле беретінін, сондай-ақ қалалық, облыстық клиникаларға бармай-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті қамтамасыз етуге жағдай жасауды көздейтін үлкен дайындық жұмыстары басталғанын хабарлаған болатынбыз.

Алғашқы оң нәтижелер өзін көп күттірмеді десе болады. 8 тамыз күні аудандық ауруханада алғаш рет жедел аппендицитпен ауырып түскен науқасқа лапароскопиялық аппендэктомия операциясы жасалды.

Аурухана дәрігерлері мұндай ота жасау мүмкіндігіне биылғы жылы орнатылған аз инвазивті эндоскопиялық араласуларға арналған жүйе арқасында ие болып отыр. Жабдықтарды сатып алуды Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы қаржыландырған.

Эндоскопиялық құралдар икемді немесе қатты эндоскопты қолдана отырып, аз инвазивті хирургиялық араласуға арналған құрылғы. Бұл жабдық ішкі ағзалардың жағдайын дәл диагностикалауға, ауруларды зерттеуге және дұрыс емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді.

Осындай заманауи, жоғары деңгейдегі жабдықты пайдалана отырып, хирургиялық операцияны орындау Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының денсаулық сақтау саласы үшін үлкен жетістік және тарихи оқиға екенін айта кеткен жөн.

Жоғары санатты білікті хирург Ибрагим Сайлаубайұлы жасаған аудандағы алғашқы эндоскопиялық операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты. Болашақта мұндай хирургиялық операциялар жоспарлы түрде жүзеге асырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу