Алғашқы бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов "Атамекен" медалімен марапатталды

716

Награданы "Атамекен" ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев табыстады. 

Алғашқы бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов "Атамекен" медалімен марапатталды

"Атамекен" басшысы Болат Палымбетовты қызметтің сәтті аяқталуымен құттықтап, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен құрылған 1-дәрежедегі медаль қызметтегі үздік жұмыс үшін берілетінін атап өтті.

Болат Палымбетов – Қазақстанның алғашқы бизнес-омбудсмены, осы қызметке 2016 жылдың 19 ақпанында Мемлекет басшысының өкімімен тағайындалды және Президентке ғана есеп береді.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша атқарылған жұмыстың 4 жылы ішінде 20 мыңнан астам өтінім қаралды. Бизнес мәселелерінің 70%-дан астамы өңірлік деңгейде шешілді. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлермен жеке кездесулер өткізіліп, олардың жиі кездесетін мәселелері зерделенді.

Мемлекеттік органдармен қажырлы жұмыс пен ынтымақтастық арқылы Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілді. Бұдан бөлек, Бас прокуратура мен "Атамекеннің" экономикалық құқық бұзушылықтар үшін санкцияларды азайту жөніндегі бірлескен ұсыныстары ескерілді. Атап айтқанда, "Жалған кәсіпкерлік туралы" 215-бап алынып тасталды, алты бапқа, егер әрекет алғаш рет жасалса және мемлекет пен қоғамға қауіп төндірмесе, және кәсіпкер залалды өз еркімен өтесе, жауапкершіліктен босату туралы ескертпелер енгізілген. Бұл өзгерістер бизнеске қызметін тоқтатпай экономикалық айналымда қалуға, экономиканы дамытуға одан әрі үлес қосуға мүмкіндік береді.

Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу рәсімдеріне маңызды өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, экономика саласындағы қылмыстық істерді тіркеу 8 есе қысқарды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына және кәсіпкерлік қызмет кедергілеріне қатысты заңнамаға талдау жүргізілді.  

2019 жылдан бастап облыс әкімдерімен "жол карталарына" қол қою басталды, онда бизнестің барлық жүйелі проблемалары көрініс тапты.

Қазақстан әлемнің көптеген елімен экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асырып отыр. Сондықтан да басқа мемлекеттердің аумағында отандық бизнесмендердің өз мәселелерімен жалғыз қалмауы біз үшін өте маңызды.  Осы мақсатта Ресей, Өзбекстан және Грузияның бизнес-омбудсмендерімен Өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Осы елдердің бизнес-омбудсмендерімен өзара іс-қимыл аясында бизнесті қорғау мәселелері бойынша ақпарат алмасу жолға қойылған, кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасаған тұлғаларды жауапкершілікке тартуға және олардың мүлкін (тауарларды, ақша қаражатын және т.б.) қайтаруға жәрдем көрсетіледі, сондай-ақ дауларды сотқа дейін реттеу бойынша шаралар қабылданып жатыр.   

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 312-бабына сәйкес Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымындағы мерзімнің аяқталуына байланысты Болат Палымбетов өз еркімен қызметінен босату туралы өтініш жазды. Президент бизнес-омбудсменнің өтінішін қанағаттандырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу