Елордада алғыс айту күніне орай Есіл ауданы әкімдігі мен қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен дәрігерлерге алғыс білдіру мақсатында "Алтын жүрек" мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Есіл ауданы әкімдігі, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері, Астана медицина университетінің студенттері, волонтерлар мен қала тұрғындары қатысты.
Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы өз сөзінде дәрігер болу басқа мамандық иесіне қарағанда жауапты әрі өте маңызды екенін атап өтті.
"Дәрігер адам денсаулығын өз жауапкершілігін алатын абзал жан. Біз маңызды мамандық иелерінің көмегін жер жаһанды жайлаған коронавирус дерті кезінде айтарлықтай сезіндік. Қарусыз майданда алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашашысы болып жүргендердің еңбегі орасан зор. Біз тұрған "Алтын жүрек" мемориалы 2021 жылы 18 маусымда жаһандық індетпен күрескен барлық дәрігерлерге құрмет ретінде қойылған еді. Оларды еске алу біздің парызымыз деп білемін", - деді Дәрменияр Қыдырбек-ұлы.
Қатысушылар арасында Астана медицина университетінің студенттері, волонтерлар да мемориалға гүл шоқтарын қойды. Осы жерде дәрігерлердің ерен еңбегіне алғыс білдіруге бағытталған "Дәрігерлерге мың алғыс!" акциясы басталды.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовта барлық дәрігерге алғысын білдірді.
"Бүгін COVID-19 індетімен күрес жолында өз өмірі мен денсаулықтарын тәуекелге тіккен алтын жандардың құрметіне қойылған ескерткішке жианалып тұрмыз. Гүл қою салтанаты біздің игі дәстүрге айналды. Пандемияда өз өмірін қатерге тіккен абзал әріптестеріміздің игі ісі әр уақытта есте қалары сөзсіз. Тек бұл ғана емес, елорданың денсаулық сақтау саласының дамуына ерен еңбек сіңіріп, ұлт саулығын сақтауда аянбай жұмыстанып жүрген барша әріптестеріме шынайы ниетіммен зор алғыс білдіремін! – деді Тимур Мұратов.
Сонымен қатар, іс-шараға келген елордалық медициналық университеттің студенттері, оқушылар мен волонтерда дәрігерлерге алғыс білдірді.
"Бүгін Алғыс айту күні. Біз "Алтын жүрек" монументінің жанына гүл шоқтарын қоюға келдік, сол арқылы пандемия кезінде бізді сауықтыру және коронавирустан қорғау үшін өз өмірін қиған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін еске алуға келдік", - деді волонтер Давид Шарипов
Айта кетейік, Қазақстанда жылда 1 наурыз күні Алғыс айту күні атап өтіледі. Осы атаулы күнге орай Астанада ондаған түрлі спорттық, мәдени, танымдық іс-шаралар өткізілуде. Бұдан бөлек, бүгін қаланың барлық мектептерінде балалар мен оқушыларға арналған арнайы тақырыптағы көрмелер өткізілді.