Әлі күнге дейін арбамен су тасып жүрген азаматтар бар – Елнұр Бейсенбаев

288

2025 жылы елдегі барлық ауыл 100% сумен қамтамасыз етілуі тиіс. 

Әлі күнге дейін арбамен су тасып жүрген азаматтар бар – Елнұр Бейсенбаев Фото: Елнұр Бейсенбаевтың жеке мұрағаты

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысының халықты ауыз сумен 100%  қамтамасыз ету туралы тапсырмасы уақытылы орындалатынына күмән келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2025 жылы барлық ауылды 100% сумен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Биылғы бюджеттің жобасында бөлінетін қаражатты есепке алатын болсақ, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы уақыты орындалмайтын түрі бар. Біз барлық ауылды есепке алып, 80 млрд теңгеге жуық қаражатты AMANAT фракциясының атынан арнайы отырғыздық. Соның өзінде сіздер бұл бюджеттің жобасында тек 15 млрд теңге қаражатты ғана қолдап отырсыздар. Сондай-ақ, кейбір өңірлер Мемлекет басшысының тапсырмасын ысырып қойып, тіпті жобалық-сметалық құжаттардың өзін дайындамаған. Яғни, бұл Үкіметтің бақылауының әлсіздігі деп есептеймін. Неге олар дайындамаған? Мемлекет басшысы тапсырған 500 адамнан асатын тұрғыны бар ауылдың барлығы сусыз қалуы керек пе?", - деп сұрады депутат.

Оның сөзінше, суы жеткізілген ауылдардың Жоғарғы аудиторлық палатаның есебі бойынша шамамен 13%-ға жуығы қайтадан жөндеуден өтуі керек.

"Яғни оларда су жетіспейді. Солтүстік Қазақстан, Түркістан сияқты 7 өңірде әлі күнге дейін арбамен су тасып жүрген отбасылар бар. Осы жобаны аяқтау жоспарларыңызда бар ма? Егер бұл жобаны 2025 жылы шамамен 100 млрд қаржы бөліп толық аяқтамасаңыздар, бұл мәселеде жауапкершілікті кім мойнына алады?", – деді Елнұр Бейсенбаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бұл мәселе министрліктің бақылауында деп отыр.

"Қазіргі таңда бюджеттің жобасында 79 млрд доллар көзделген. Қосымша депутаттардың қолдауымен 16 млрд қосылды. Осы қаражатты 106 жобаға бөлетін боламыз. Әрине, басқа қаражат көздерін іздеу қажеттігі туындайды. Президенттің тапсырмасын орындаймыз. 2026 жылдың бюджетін нақтылау кезінде осы мәселені тағы қарастыратын боламыз. Жобалық-сметалық құжат бойынша бірнеше өңір кешігіп жатыр. Осы жұмыс менің жеке бақылауымда. Осы жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаттаманың көбі дайын болады деп ойлаймыз. Осы мәселенің маңызын бәріміз түсінеміз. Келешекте басқа көзден қаражатты қарастырамыз",  – деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу