Үкімет басшысы Әлихан Смайылов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға тиесілі шахталарда апат болмау үшін компанияға қойылатын талап қатаңдатылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға тиесілі Қарағанды облысындағы шахталардағы апатқа тоқталайын. Жақында көмір өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшартын қайта қарау барысында осы компанияға алғаш рет қосымша талаптарды енгіздік: жыл сайын көмір өндірісін жаңғыртуға кемінде 150 млрд теңге бөлу, көмір қабаттарын газсыздандыруға 37 млрд теңге инвестиция бөлу. Бұрын жер қойнауын пайдаланушыларда мұндай міндеттер болмаған. Басқа жер қойнауын пайдаланушыларға да осындай қосымша талаптар мен міндеттемелерді күшейтуді жоспарлап отырмыз", – деді премьер-министр Сенаттың жалпы отырысында.
Еске сала кетсек, 3 қарашада Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин шахтасында апат болып, 5 кенші көз жұмған еді.
Ал, экологиялық реттеу және бақылау комитеті "АрселорМиттал Теміртау" АҚ милиардтаған айыппұл салынатынын жариялаған болатын. Соңғы 3 жылда аталған компанияға экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Ведомство басшысы Серікқали Брекешев компанияға келесі жылға экологиялық рұқсат берілмеуі мүмкін екенін жоққа шығармады.