Әлихан Смайылов БАӘ Премьер-Министрінің орынбасарымен телефон арқылы сөйлесті

1760

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары – Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.  

Әлихан Смайылов БАӘ Премьер-Министрінің орынбасарымен телефон арқылы сөйлесті

Шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян Ә. Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.

Мансур бен Заид Әл Нахаян қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына көңіл айтып, Қазақстанның барша халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі.

Тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға әзір екендіктерін білдірді.

2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ҚР мен БАӘ арасындағы өзара сауда көлемі 673,7 млн долларды құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен шамамен 50%-ға артық және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден едәуір асып түсті.

Қазақстанда әмірліктер капиталының қатысуымен 300-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында Біріккен Араб Әмірліктерінің ҚР экономикасына тікелей инвестиция көлемі 2,4 млрд долларды құрады. ҚР-ның БАӘ-ға салған инвестиция көлемі 1 млрд доллардан асты.

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов БАӘ ҚР-ның араб әлеміндегі маңызды сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті.

Биыл Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу