Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Президент жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Мұнда коммуналдық қалдықтарды басқару тиімділігін арттыру және тұрғын үй секторында, өнеркәсіпте және басқа да салаларда энергия үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жоспарлар қаралды, деп жазады inbusiness.kz.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, осы жылдың үшінші тоқсанында республика бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 24%-ды құрады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді, 2025 жылға қарай 30%-дан асуы керек. Оның айтуынша, елімізде 3 005 ҚТҚ полигоны бар. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тағы 20 полигон салу жоспарланып отыр. Әртүрлі кезеңдерде қоқысты бөліп жинау 142, ал сұрыптау 101 елдімекенде енгізілді.
Әлихан Смайылов қолданыстағы полигондардың тек 630-ға жуығы ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сай екенін атап өтті. Ол жыл сайын 4-4,5 млн тонна тұрмыстық қалдықтар жиналатынын, бірақ та әкімдіктер қоқыс жинау жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғанын айтты.
"Бұл үрдіс стихиялық полигондардың пайда болуына алып келеді, оларды жою үшін бюджет қаражаты жұмсалады. Атап айтқанда, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге арналған инфрақұрылым Қостанай облысы мен елордада ғана ұйымдастырылған. Қалған аймақтарда ондай инфрақұрылым жоқ", - деді ол.
Үкімет басшысы әкімдіктерге 2023 жылғы 1 маусымға дейін барлық рұқсат етілмеген полигондарды жоюды және жалпы полигондарды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкестендіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Бұдан бөлек Әлихан Смайылов қалдықтардың барлық түрін қайта өңдеуді ынталандырудың, 5 мыңнан 10 мың адамға дейін тұратын елдімекендерде полигондардың үлгілік жобаларын әзірлеуді жеделдетудің, жаңа Қала құрылысы кодексі аясында құрылыс қалдықтарының айналымы жөніндегі норманы қарастыру қажеттігіне де тоқталды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, 2030 жылға қарай экономикада энергияның жұмсалуын 30%-ға төмендету жоспарланып отыған көрінеді. Сол себепті де көп пәтерлі тұрғын үйлердің, әлеуметтік объектілердің, өнеркәсіп кәсіпорындарының және көлік инфрақұрылымының энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру көзделіп отыр.