Әлихан Смайылов экономиканың барлық саласында өсімді арттыру үшін жұмысты күшейтуді тапсырды

414

Нақты сектор оң динамиканы көрсетіп отыр. 

Әлихан Смайылов экономиканың барлық саласында өсімді арттыру үшін жұмысты күшейтуді тапсырды Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Премьер-Министр биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың нақты өсуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ды құрағанын жеткізді.

"Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің өсуі тіркелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде инфляция деңгейі 11,8%-ға дейін төмендеді", - деді ол.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, нақты сектор оң динамиканы көрсетіп отыр.

"Жылдың соңына дейін 2,5 ай қалды. Экономиканың барлық саласында өсу қарқынын арттыру үшін жұмысты күшейтіп, нақты шаралар қабылдау керек. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық азық-түлік өндірісін ынталандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруы қажет. Шетелдік және отандық инвесторларды тарта отырып, шикізаттық емес секторларда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, туризм және басқа салаларда инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге баса көңіл бөлу керек", - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша тиісті шараларды одан әрі жалғастыру қажет, деп жалғастырды ол.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жыл соңына дейін қаражаттың, оның ішінде бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бойынша қаражаттың толық және тиімді игерілуін қамтамасыз етуі тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу