Әлихан Смайылов Ертіс үстімен автокөпір салуға қаражат қарастыруды тапсырды

618

2022 жылы Павлодар облысын дамытуға шамамен 134 млрд теңге қарастырылған. Оған қоса республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 23 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл туралы өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өткізген кеңесте айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлихан Смайылов Ертіс үстімен автокөпір салуға қаражат қарастыруды тапсырды

Үкімет басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ә.Смайылов Павлодар облысы тау-кен өндіру, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс саласы бойынша белсенді түрде дамып келе жатқан еліміздің аса маңызды индустриялық өңірлерінің бірі екенін атап өтті.

2022 жылы облысты дамытуға шамамен 134 млрд теңге қарастырылған, оған қоса республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 23 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

"Бұл қаражат өңірдің әлеуметтік қажеттіліктеріне, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған. Сапалы нәтижелерге қол жеткізу үшін олардың мақсатына сай пайдаланылуын және тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет", – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – өңір экономикасын әртараптандыру. Осы мақсатта биыл жеке инвестициялар есебінен 44 млрд теңгеге жуық сомаға 66 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 1,7 трлн теңгеден астам сомаға тағы 48 жоба жобалау сатысында тұр.

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне облыс әкімдігімен бірлесіп Ертіс өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін салуға, "Ленин – Ертіс – Русская поляна" және "1-МАЭС – Басқамыс –Разумовка" жолдарын реконструкциялауға, сумен жабдықтау объектілерін салуға және жылумен жабдықтау желілерін жаңартуға қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар әкімдікке Екібастұздың жылу энергетикалық орталығына техникалық аудит жүргізу және оның тиімді жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар енгізу, сондай-ақ "ҚазАвтоЖол" компаниясымен бірлесіп жыл соңына дейін нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесін республикалық желі бойынша 97%-ға дейін және жергілікті желі бойынша 93%-ға дейін арттыру тапсырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдікпен бірлесіп өңірдің суармалы учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жобаларына, ал Денсаулық сақтау, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне әкімдікпен бірлесіп Павлодардағы №1 көпбейінді аурухананы реконструкциялауға қаражат бөлу мүмкіндігін қарау тапсырылды.

Сонымен қатар Премьер-Министр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне кәсіпорындардың кешенді экологиялық шешімдерге жедел көшу мәселелерін қарауды, ал Оқу-ағарту министрлігі әкімдікпен бірлесіп, үш ауысыммен оқытатын мектептер, оқушы орындары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін шаралар қабылдап, сондай-ақ жаңа оқу жылының басталуына сапалы дайындық жүргізуді жүктеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу