ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәселен, өткен жылы банк 19 жаңа жоба бойынша келісімдерге қол қойды. Бұл ретте ағымдағы инвестициялық портфельде интеграциялық әсері бар жобалардың үлесі 59,6%-ды құрады. ЕАДБ-ның 2021 жылғы таза пайдасы – $37,1 млн, бұл жоспардан 2,1 есе артық.
2022 жылдың басында әлемдегі, сондай-ақ жергілікті қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылық жағдайында ЕАДБ тұрақты қаржылық жағдайды және 2022-2026 жылдарға арналған стратегияның міндеттерін іске асыру мүмкіндіктерін сақтап қалғаны атап өтілді.
ЕАДБ жобалар бойынша жаңадан қол қою жоспарын орындауға ниетті. Әзірленген 5 жылдық елдік стратегиялар аясында Қазақстанда, Арменияда, Тәжікстанда және Қырғызстанда жобаларды дамытуға ерекше назар аударылмақ.
"Банк қызметі қазіргі жағдайларға сай нақтыланып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін еуразиялық өңір елдеріне көмек көрсетуге бағытталуы тиіс", – деді Кеңес төрағасы, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар Тексеру комиссиясының және Банктің Ішкі аудит қызметінің есептерін, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелерді қарады.
Кеңес отырысы қарсаңында ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов Әлихан Смайыловқа еуразиялық кеңістіктегі негізгі инвестициялық мегажобалар бойынша жасалған жұмыстарды таныстырды.