Әлихан Смайылов инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысын өткізді

655

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында салықтық әкімшілендіруді одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар қаралды. Бұл туралы inbusiness.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  

Әлихан Смайылов инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысын өткізді Фото: primeminister.kz

Іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм, Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Еуропалық Одақ елшісі Кестутис Янкаускас, Канада елшісі Алан Хэмсон, Қазақстандағы Америкалық Сауда палатасының атқарушы директоры Дорис Брэдбери, сондай-ақ ірі бизнестің және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Премьер-Министр өз сөзінде Үкімет мемлекеттің шектен тыс араласудан бас тартып, барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған бәсекеге қабілетті нарықтық экономика құру бағытын жалғастыратынын атап өтті.

"Бұл бағытта шынайы нарықтық бәсекелестікті күшейту, заңнама және сот практикасын жетілдіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шаралар іске асырылып жатыр. Бұл бизнестің мүдделері мен құқықтарын қорғау жүйесін едәуір нығайтады, инвесторларға кең ауқымды экономикалық мүмкіндіктер береді", - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы бюджет-салық саясатын жетілдіру үшін 2030 жылға дейінгі Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қабылданғанын, ал фискалды саясатты қайта жаңарту мақсатында 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленетінін атап өтті.

Салық заңнамасын жақсарту жұмыстарының барлығы салық төлеушілермен, сарапшылармен және халықаралық консультанттармен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі.

"Бұл ретте салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға және цифрландыруға, табысты реинвестициялау кезінде корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктерді қолдануды кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады", - деді Әлихан Смайылов.

Отырыс аясында қатысушылар салық саясатының тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдарды, жаңа Салық кодексін әзірлеу, тауарларды кедендік өңдеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлер арасындағы бизнес байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр барлық ұсыныстар мен ұсынымдарды тиісті мемлекеттік органдар пысықтайтынын атап өтті.

"Қазақстан Үкіметі салық саясатының барлық өзекті мәселелері бойынша инвесторлармен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын", - деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу