Әлихан Смайылов Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының басым бағыттарын атады

624

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян бейнеконференцбайланыс режимінде екіжақты келіссөздер өткізді. Тараптар Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады. 

Әлихан Смайылов Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының басым бағыттарын атады

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі 14%-ға өсіп, $18 млрд-қа жеткен. Биыл да айтарлықтай өсім тіркеліп отыр. 10 айда бұл көрсеткіш 33%-ға артып, $19,7 млрд-ты құрады, деп жазады inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және көлік-транзиттік салаларда, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, экология, туризм, қаржы секторы және инновациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды. 

Әлихан Смайылов жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын одан әрі кеңейту, екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыс орнату қажет екендігін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан оң сауда трендін нығайтуға және Қытайға 135 тауар позициясы бойынша өз өнімінің экспортын ұлғайтуға ниетті.

Бұдан бөлек ол мұнай-газ секторында және машина жасауда жаңа жобалардың іске қосылуын, теміржол жүк тасымалдарын дамытуды, оның ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткізу пунктін ашуды, сондай-ақ шекарадағы автомобиль өткізу пункттері жұмысының тиімділігін арттыруды атап өтті. Сонымен қатар отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты үшін кедергілерді алып тастау, жолаушылар авиарейстерінің санын арттыру және трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау жөніндегі өзара іс-қимылды жандандыру туралы да айтылды.

"Біз белсенді диалогқа дайынбыз. Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігінің жоғары динамикасы барлық бағыттар бойынша дамитынына сенімдімін", - деді Үкімет басшысы.

Ли Кэцяннің айтуынша, Қытай Қазақстанды достық байланыстағы көршілес ел және маңызды сауда серіктесі ретінде қарастырады. ҚХР жүктерді және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға, энергетика саласындағы жаңа жобаларды іске қосуға, сондай-ақ гуманитарлық байланыстар мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше қызығушылық танытып отырған көрінеді.

"Біз қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп, елдер арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту үшін жұмыс істеуге дайынбыз", - деп атап өтті Ли Кэцян.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу