Әлихан Смайылов Қытайға отандық өнімнің экспортын 1 млрд долларға ұлғайтуды ұсынды

446

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.    

Әлихан Смайылов Қытайға отандық өнімнің экспортын 1 млрд долларға ұлғайтуды ұсынды Фото: primeminister.kz

Бұл - Ма Синжуйдың елімізге жасаған алғашқы сапары, деп жазады inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Оның жалпы тауар айналымы құрылымындағы үлесі – 18%.

"Екі мемлекет басшыларының 2030 жылға қарай тауар айналымын 35 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі міндетін ескеретін болсақ, Қазақстанның Шыңжаңмен өзара саудасы бұдан да зор маңызға ие болады. Біз қытайлық әріптестерімізбен бірге осынау биік мақсаттарға жету үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз", - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Қытайға 135 тауар түрі бойынша отандық өнім экспортын 1 млрд долларға ұлғайта отырып, оң үрдісті қолдауды ұсынды.

Өзара іс-қимылдың маңызды бағыты – инвестициялық ынтымақтастық. Атап айтқанда, құны 21 млрд доллардан асатын 52 бірлескен жобаны іске асыру болып отыр. Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салған елдердің үздік бестігіне кіреді. Соңғы 15 жылда ҚХР-дан инвестициялардың жалпы ағыны 23 млрд долларға жетті.

Әлихан Смайылов екіжақты байланыстарды дамытуда шекара маңындағы өңірлердің өзара іс-қимылы ерекше екенін айтты. Осыған байланысты ол Алматыда бірқатар өңіраралық келісімдер мен коммерциялық құжаттарға қол қою жоспарланып отырған шекара маңы ынтымақтастығының 2-ші Достық диалогын өткізудің маңыздылығына тоқталды.

"Қытай мен Қазақстанға таулар мен өзендер ортақ, біз – тату көрші әрі серіктес елдерміз. Осы 30 жыл ішінде біздің елдеріміз екіжақты қарым-қатынасты өзара сенім рухында дамыта білді. Екі мемлекет басшылары бірлесіп ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жоспарларын белгіледі. Біз түрлі салаларда қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруымыз керек", — деді Ма Синжуй.

Кездесу барысында шекарадағы кедергілерді жою жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру мәселелері егжей-тегжейлі қозғалды.

Премьер-Министр 5 пункттің екеуінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеделдетіп өткізу үшін "жасыл дәліздер" іске қосылғанына назар аударды. Қалған үшеуінде – "Достық – Алашанькоу", "Майқапшағай – Зимунай" және "Қалжат – Дулаты" бекеттерінде оларды іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан басқа ол отандық жүк тасымалдаушыларға ҚХР-ға кіру үшін виза беру рәсімдерін жеделдету мәселесін көтерді.

Тараптар екі елдің өзара тиімді әріптестігін одан әрі дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу