Әлихан Смайылов орман өртінен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек берілетінін айтты

457

Үкімет отырысы бір минут үнсіздікпен басталды. 

Әлихан Смайылов орман өртінен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек берілетінін айтты Фото: Үкімет

Абай облысында орман өртінен қаза тапқандардың отбасыларына бірқатар қолдау шаралары көрсетіледі. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қаза болғандардың отбасыларына қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне (кәмелетке толмаған балаларға) республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша біржолғы әлеуметтік төлемақы, қажетті жиһазбен жабдықталған тұрғын үймен қамтамасыз ету және БЖЗҚ-дан жерлеуге арналған біржолғы төлем. Сондай-ақ несиелерді есептен шығару үшін қайтыс болған адамдар мен олардың отбасыларының несиелік жүктемесі анықталады", - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың осыған дейін өрт өршімей тұрып, оны сөндіру үшін шұғыл әрекет ету керектігін ескерткенін айтты.

"Өрттің таралуына жол бермеу үшін техника мен адамдарды көбірек жіберу керек еді. Далада немесе орманда өрт шыққанға бірінші күні, алғашқы сағаттарда тиісті қадамдарды қабылдау өте маңызды. Мұндайда жағдайды дұрыс бағалап, кез келген апаттың алдын алуға барлық күш-жігерді жұмсау керек. Сонда ғана шығын азайып, адам өлімі мен ауқымды апаттан аман қалуға болады", - деді ол.

Премьер-министр Экология министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, елдің ұлттық парктері мен орман шаруашылықтарын өртті ерте анықтау және мониторинг жүйелерімен жарақтандыру жөніндегі шараларды қабылдауы керек екенін баса айтты. ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірге   табиғи өрттерге қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарауы қажет, деп толықтырды ол.

"Ең бастысы – өртті толықтай ауыздықтап, өшіру керек", - деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Еске сала кетсек, бұған дейін Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден және әр балаға 2 млн теңгеден бөлінетінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу