Премьер-Министрдің назарына компанияның 2022 жылғы өндірістік қызметінің қорытындылары, ағымдағы жұмысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы ақпарат ұсынылды.
Әлихан Смайылов КҚК Қазақстанның мұнай өнеркәсібінде маңызды рөл атқаратындықтан, оның тұрақты жұмысы Үкіметтің ұдайы назарында екенін атап өтті.
"Өткен жылы теңіз терминалында айлақ құрылғыларының бұзылуына байланысты КҚК қызметінде шектеулер орын алды. Жөндеу жұмыстары сәтті аяқталып, бүгінде барлық шектеулер алынып тасталды. Сонымен қатар алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін барлық тиісті шараларды қабылдау қажет", — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының пікірінше, құбырдың өткізу қабілетін арттыру – маңызды мәселе, бұл Қазақстаннан мұнайдың қосымша көлемін тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Николай Горбань КҚК мұнай құбырының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және қолданыстағы жабдықтардың сенімділігін арттыру үшін барлық қажетті шаралар іске асырылатынын атап өтті. Сонымен қатар Тар жерлерді жою бағдарламасын табысты іске асыру нәтижесінде 2022 жылдың соңында құбыр жүйесінің өткізу қабілеті Қазақстан аумағынан жылына шамамен 72,5 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауға мүмкіндік берді.
Кездесу қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі барлық мәселелерді одан әрі пысықтауға дайын екенін атап өтті.