Әлихан Смайылов Шығыс Қазақстан облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді

448

Облыс әкімі Ермек Көшербаев қазіргі ахуал мен өңірді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлихан Смайылов Шығыс Қазақстан облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді Фото: primeminister.kz

Орталық мемлекеттік органдар өкілдері өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы шаралар туралы баяндады.

Сонымен қатар газ, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін дамыту, сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша баяндамалар жасалды.

Премьер-Министр ШҚО экономикасы бірінші кезекте, тау-кен металлургия өнеркәсібінің дамуымен байланысты екенін, сонымен қатар энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика және туризм салаларының да даму әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті.

Мәселен, өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің 70%-ке жуығын тау-кен металлургия саласы құрайды. Мемлекет басшысы атап өткендей, тау-кен секторын басқару жүйесін тез арада жаңғырту қажет. Бұл орайда, сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты міндеттердің біріне айналуы тиіс.

"Электромобил өндірісінің қарқынды өсуіне байланысты литий металын өндіру өзекті болып табылады. Облыстың Ұлан, Шемонаиха аудандарында және Өскемен қаласының шетінде мемлекеттің балансында тұрған литийдің 6 кен орны бар. Барланбаған кен орындары бұдан да көп. Литийдің негізгі тұтынушыларының бірі Қытай және басқа да Азия нарықтары өңірге жақын орналасқан. Әкімдік осы мүмкіндіктерді пайдалану үшін кен орындарын барлау және өндіру жобаларына инвесторларды тартуы керек", – деді Әлихан Смайылов.

Ол өңірде жаңартылатын энергия көздерінің бірі болып табылатын гидроэнергетика саласының жақсы дамығанын атап өтті. Осы ретте биыл 1 шілдеден бастап гидроэлектростанциялардан электр энергиясын сатып алу үшін шекті аукциондық бағалар айтарлықтай ұлғайтылды. Премьер-Министр энергия жүйесіндегі маневрлік қуатты арттыру үшін әкімдік меншік иелерімен бірлесіп, қолданыстағы гидроэлектростанцияларды жаңғырту, сондай-ақ жаңа нысандар салу бойынша шаралар қабылдау керектігін тапсырды.

"Жергілікті жерлерді электр энергиясымен қамтамасыз ету және электр желілеріндегі шығынды азайту үшін Алтай ауданындағы "Тұрғысын-1" сияқты шағын гидроэлектростанцияларды салу жобаларын белсенді іске асыру қажет", – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр атап өткендей, Үкімет жыл сайын отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін қомақты қаржы бөледі. Тек Шығыс Қазақстан облысының шаруаларына биылғы жылы бюджеттен 43 млрд теңге бөлінді, оның 26 млрд теңгесі субсидиялар түрінде.

"АӨК жобаларын іске асыруға қолдау көрсету шараларын әрі қарай да жалғастырамыз. Десе де бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану керектігін атап өткім келеді. Ең бастысы, өнімділігі жоғары, қайтарымы мол жобаларға басымдық берілуі тиіс", – деді ол.

Атап айтқанда, кәсіпкерлермен бірге Көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру жұмыстарын күшейту қажет.

"Қазір бізде осындай қоймаларды салу үшін 50%-ке дейін инвестициялық субсидия беру көзделген. Яғни, бұл салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау шаралары көрсетіледі. Осыған мән беріп, үйлестіру жұмыстарын күшейту керек", – деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірдегі гидротехникалық құрылыстар мәселесіне де тоқталды. ШҚО-да республикадағы су қоймаларының 40%-ы орналасқан және 85 мың гектар суармалы жер бар. Алайда, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ететін Өден, Қандысу және Орта-Теректі су қоймаларының техникалық жай-күйі алаңдатады.

"Осыған байланысты әкімдік жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, аталған су қоймаларын күрделі жөндеу бойынша техникалық құжаттарды әзірлеуді жеделдетуі қажет", – деп тапсырды Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр облыстың қолайлы географиялық орналасуы көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Мәселен, қазірдің өзінде ұзындығы 768 шақырым "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен" және ұзындығы 415 шақырым "Майқапшағай – Қалбатау" автожолдарын қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта ұзындығы 195 шақырым болатын "Өскемен – Семей" және 130 шақырымдық "Өскемен – Ресей Федерациясының шекарасы" бағыттарын күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Әлихан Смайылов жылыту маусымының мәселелеріне де тоқталды. Ол Үкіметтің жергілікті жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге және жаңғыртуға қаржы бөлу бойынша жедел шаралар қабылдағанын еске салды.

Туризмді дамыту мәселесіне тоқтала келе, Әлихан Смайылов әлемдік деңгейдегі көрікті жер – Катон-Қарағай ұлттық табиғи паркі туралы айтты.

"Нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар қолданыстағы қонақ үй инфрақұрылымы тиісті деңгейде қызмет көрсетуді қамтамасыз ете алмай отыр", — деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, көлік қатынасын қолжетімді етуде де проблемалар бар. Атап айтқанда, "Өскемен – Рахман қайнары" автожолын жаңғыртуды аяқтау қажет. Сонымен қатар туристер ағынын арттыру үшін ұзындығы 1013 шақырым "Өскемен – Алматы" күре жолын жөндеуді аяқтау керек.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр ұзаққа созылған бірқатар жобаны жүзеге асыруды жеделдету қажеттігін атап өтті. Олардың қатарында мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығын іске қосу және Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу