Іс-шара барысында тараптар өңірлік дамудың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ ШЫҰ шеңберіндегі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады, деп жазады inbuisiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өз сөзінде Әлихан Смайылов ШЫҰ елеулі табиғи ресурстарға, технологиялық және зияткерлік әлеуетке ие бола отырып, өзінің негізгі мақсаттарына нық қадам басып келе жатқанын атап өтті.
"Бұл – тең құқықтық серіктестік негізінде аймақтағы теңгерімді экономикалық өсімге, әлеуметтік және мәдени дамуға қол жеткізу", — деді ол.
Премьер-Министр шілдедегі Саммит қорытындысы бойынша ШЫҰ елдерінің басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыру бойынша бірқатар міндеттер қойғанын еске салды.
"Аталған бағыттағы бірлескен күш-жігердің басты мақсаты –ШЫҰ мүшелерінің барлығының мүдделеріне сай келетін алаң ретіндегі рөлін одан әрі нығайту. Бұл – ШЫҰ-ға төрағалық ету шеңберінде Қазақстан үшін аса маңызды тәсіл", — деді Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы кеңістігіндегі сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мен дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, аймақішілік сауда 20 жылдан астам уақыт ішінде 100 есеге жуық өсті.
Өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы шамамен 20%-ға өсіп, $61 млрд-қа жетті.
"Электрондық сауда келешегі зор салалардың біріне айналып отыр. Түрлі бағалаулар бойынша, ШЫҰ елдерінде электрондық сатудан түскен жалпы табыс биыл шамамен $1,5 трлн-ды құрауы мүмкін. Біз ең әуелі, кедендік рәсімдерді жеңілдету арқылы, электрондық коммерцияны қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек", — деді Әлихан Смайылов.
Осы мақсатта Премьер-Министр ШЫҰ елдерінің кеден органдары басшыларының кезектен тыс отырысын өткізуді, сондай-ақ өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесін арттыруды және "Астана" халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануды ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша делегация басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды.