Әлихан Смайылов: Тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін жеңілдету қажет

396

Бүгінгі таңдағы негізгі мәселелердің бірі – тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

Әлихан Смайылов: Тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін жеңілдету қажет Фото: gov.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында шағымдар көп екенін айтты. 

"Оған негізінен сапасыз тауарларды сату, тауар бағасының дұрыс қойылмауы, интернет-дүкендерден ақшаның уақытылы қайтарылмауы себеп болып отыр. Тұтынушылар денсаулық сақтау, тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс салаларындағы қызметтердің сапасына да жиі шағымданады. Мемлекеттік органдар өтініштерді уақытылы қарай бермейді. Көбінесе мәселе сол күйі шешілмей қалып жатады", - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің сөзінше, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің жұмысын күшейту қажет.

Ол 2020 жылы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңға енгізілген түзетулер үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті тарта отырып, осы салада біртұтас жүйе құруға ықпал еткенін атап өтті.

"Алайда нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажет. Осыған байланысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру мақсатында қолданыстағы заңдарға жаңа түзетулер әзірленді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлестірушісі болуы тиіс. Заң қабылданған соң бұл жұмысты жедел жүргізу керек. Сонымен қатар тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін барынша жеңілдету қажет", - деді ол.

Әлихан Смайылов "тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет" арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді схемасын құру маңызды екенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу