Әлихан Смайылов: Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекетіміздің ең маңызды басымдығы

415

Премьер-Министр Әлихан Смайылов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлихан Смайылов: Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекетіміздің ең маңызды басымдығы Фото: tengrinews.kz

"Сіздерді Медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Адам өмірін сақтап, денсаулығын нығайту жолында ақ халатты абзал жандардың еңбегі ұшан-теңіз.

Әрдайым бақытты ғұмыр кешіп, қиын да ауыр еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.

Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекетіміздің ең маңызды басымдығы.

Қажыр-қайратты талап ететін осынау мәртебелі міндет ақ халатты абзал жандардың иығында екені сөзсіз.

Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыты қазірдің өзінде халықаралық деңгейде табысты бәсекелестікке түсуде. Бүгінде халыққа жоғары технологиялық медицина қызметтері қолжетімді. Ұлттық ғылыми кардиохирургия, Ұлттық нейрохирургия, Ядролық медицина және басқа да көптеген заманауи медицина орталықтары жұмыс істеп тұр", - деп жазды Үкімет басшысы.

Ә.Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асыру басталғанын еске салды. Оның шеңберінде биыл 309 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынады.

"Мемлекет алдағы уақытта да қазақстандық дәрігерлердің еңбегін бағалап, әл-ауқатын жақсарту жолында бар күш-жігерін салады.

Ерен еңбектеріңіз үшін мың алғыс! Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, болашаққа сенім, абырой және табыс тілеймін!", - деді Премьер-Министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу