Әлихан Смайылов UNFPA атқарушы директоры Наталия Канеммен кездесу өткізді

516

Тараптар ҚР әлеуметтік саласын, оның ішінде білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту, жастарды қолдау жөніндегі бастамаларды, сондай-ақ Алматыда UNFPA көшбасшыларының жаһандық кездесуін өткізу мәселелерін талқылады. 

Әлихан Смайылов UNFPA атқарушы директоры Наталия Канеммен кездесу өткізді Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, UNFPA атқарушы директоры Наталия Канеммен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкімет басшысы сайтына сілтеме жасап.

Премьер-Министр Үкімет БҰҰ-мен, атап айтқанда, әлеуметтік салада халықаралық озық тәжірибелер мен дағдыларды іске асырумен айналысатын Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен (UNFPA) қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті.

"Біздің бірлескен жұмысымызға өлшеусіз үлес қостыңыз және біз ортақ мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған күш-жігерімізді жоғары бағалаймыз", — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге ол БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен басымдықтары 2021-2025 жылдарға арналған Негіздемелік бағдарламада айқындалғанын, оны жүзеге асыру Қазақстанға нақты оң нәтижелер беріп отырғанын айтты.

"Бұған жастарды қолдау, гендерлік теңдік және әлеуметтік институттарды дамыту саласындағы қызметке жоғары баға берілген БҰҰ-ның Қазақстандағы елдік тобының 2022 жылға арналған қызметі туралы есебі дәлел бола алады. Бұл біздің өзара жемісті іс-қимылымыздың тікелей нәтижесі екенін атап өткім келеді", — деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Наталия Канем Қазақстанның соңғы жылдары әлеуметтік саланы дамытуда қол жеткізген жоғары нәтижелерін атап өтіп, UNFPA жаңа бастамаларды жүзеге асыруда республикаға көмек пен техникалық қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін растады.

"Біз Үкіметтің жастарды, әсіресе, республика бойынша ашылған жастар денсаулық орталықтарын дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі күш-жігерін құптаймыз. Бұл тамаша жетістік, озық тәжірибенің үлгісі, біз бұл туралы Алматыда сөзсіз айтатын боламыз, онда әлемнің түкпір-түкпірінен UNFPA-ның 200-ден астам көшбасшысы жиналады. Осы тұрғыда өмірлік дағдыларға негізделген білім беру тұжырымдамасының маңыздылығын да атап өткім келеді, UNFPA бұл бағытты қолдауға дайын", — деді Наталия Канем.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелердің кең ауқымы бойынша серіктестікті кеңейтуге дайын екендіктерін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу