Тиісінше, балалар алдындағы берешек 17-18 млрд теңгеге жеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Үкімет сағатында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаева мәлім етті.
– Алимент өндіріп алуға қатысты әлеуметтік маңызды істер санатына ерекше назар аудару керек. Себебі, 2024 жылдың қорытындысында осы саладағы проблемалы іс жүргізу саны 12 мыңнан асып, балалар алдындағы берешегі шамамен 17 млрд теңгеге жеткен, – деді ол.
Ал депутат Снежанна Имашева "Жыл сайын әкелердің балалар алдындағы берешегі өсуде және бүгінгі таңда 18 миллиард теңгені құрайды" деп отыр.
Дәния Еспаеваның айтуынша, сот орындаушыларының жұмысына шағымдар көп.
– Тұрғындар көбіне сот орындаушысының әрекетсіздігіне, құқықтарының бұзылатынына, тиесілі қаражаттың уақытында аударылмайтынына наразы. Әділет министрлігінің деректері бойынша өткен жылдың өзінде шағымдар саны 2 есеге артып, 89 мыңнан асқан. Сонымен қатар, соңғы екі жылда соттарға берілген шағымдардың саны 17 мыңға жеткен. Мұндай шағымдар депутаттардың атына да көп келеді, – деп мысал кетірді Мәжіліс төрағасының орынбасары.