Алимент бойынша қарыз 18 млрд теңгеге жетті – депутат

140

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Қазақстанда алимент қорын құру қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдады.   

Алимент бойынша қарыз 18 млрд теңгеге жетті – депутат Фото: t.me/mazhilis_kz

Оның мәліметінше, алиментке қатысты атқарушылық құжаттар бойынша жалпы берешек 18 млрд теңгеге жеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазіргі уақытта әкілетті орган алиментке мұқтаждардың үлесін 4% деп бағалап отыр. Алайда, депутат атап өткендей, нақты сандарға шаққанда бұл 300 мыңнан астам бала. М.Магеррамов алимент өндіру мәселесін әйелдер мен балаларға, соның ішінде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға өте ауыр тиетін жүйелі әлеуметтік мәселе деп атады.

Өз сөзінде депутат бұған дейін "масылдық пиғыл қалыптасуы мүмкін" деген себеппен алимент қорын құруға қарсы шыққан Үкіметтің ұстанымын сынға алды. Магеррамовтың пікірінше, өз міндетінен жалтаратын ата-аналардың жазаланбаймын деген сезімінен қорқу керек.

Депутат қорды салықтық емес түсімдер есебінен және заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түсетін қаражатпен толығатын арнайы мемлекеттік қордың қаражатынан қаржыландыруды ұсынып отыр.

Бұндай қор құру мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Магеррамов 2024 жылы да алиментті 3 айдан астам уақыт бойы ала алмай жүрген балаларға мемлекет тарапынан төлеп, кейін бұл соманы регресс тәртібімен нақты борышкерлерден өндіріп алуды ұсынған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу