Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры Алан Тіленшиевтің төрағалығымен "Алимент. Төлемеуге қарсы 30 қадам" атты жоба аясында уәкілетті органдардың қатысумен жиын өтті, деп хабарлайды inform.kz.
"Аудандық прокуратурада аталған санаттағы қылмыстық істердің тергеп-тексеруі талқыланып, қолданылып жатқан шаралардың толықтығын қамтамасыз ету мен алимент төлемдерін өндіру мақсатында әдістемелік нұсқау дайындалды Бүгінгі уақытта, уәкілетті органдар 250-ден астам борышкердің мекен-жайына рейдтік жұмыс жүргізіп, 98 кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, сот орындаушылардың борышкерлерді қылмыстық жауапқа тарту жөнінде жолдаған 220 ұсынысы Алматы аудандық ішкі істер басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді", – деп жазылған аудандық прокуратура таратқан ақпаратта.
Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, 1125 борышкерге Қазақстан Республикасы аумағынан шығуға уақытша шектеу қойылды, сонымен қатар шоттары бұғатталды.
Жоба аясында 715 атқару өндірісімен 130 млн теңгеден астам қаражат кәмелетке толмағандарға өндірілді. Әділет, ішкі істер органдары және прокуратурамен бірлескен бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жүргізіледі және аудандық прокуратураның қадағалауында болады.